Мақала қарастыру тәртібі

Мақаланы жариялау шарттары

Барлық ғылыми мақалалар қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде қабылданады және олар бұрын еш жерде - баспа немесе электрондық түрде - жарияланбаған болуы тиіс.

Редакцияның мақаланың соңғы нұсқасын алған күні мақаланың қабылданған күні болып есептеледі. Редакция мақала мазмұнының мағынасын бұзбай, редакциялық түзетулер енгізу құқығына ие.

Бір автор бір журнал нөмірінде, қосавторлықты қоса алғанда, бір ғана мақала жариялай алады. Бір автордың (жеке немесе қосавторлықпен дайындалған) мақаласы қатарынан екі шығарылымда жариялана алмайды.

Тек антиплагиат жүйесі арқылы тексерілгеннен кейін түпнұсқалығы 75% және одан жоғары мақалалар ғана әрі қарай рецензиялауға жіберіледі.

«Gumilyov journal of sociology» журналында мақала жариялауға дайындау барысында ғылыми мақаланың құрылымын қатаң сақтау және ресімдеу ережелерін басшылыққа алу қажет.

 

Рецензиялау тәртібі

Редакция журналына келіп түскен барлық ғылыми мақалалар міндетті түрде қосарланған «соқыр» рецензиялаудан өтеді (рецензенттер қолжазба авторларын, ал авторлар рецензенттерді танымайды). Қолжазбалар екі рецензентке жіберіліп, бағаланады.

Мақалаларды рецензиялау редакция саясаты мен  редакция алқасы мүшелерімен, сондай-ақ тиісті саладағы жетекші мамандар қатарынан шақырылған рецензенттер арқылы жүзеге асырылады. Мақалаға пікір беру үшін рецензентті таңдау шешімін бас редактор, бас редактордың орынбасары немесе жауапты редактор қабылдайды. Рецензиялау мерзімі 4 аптаға дейін созылады, алайда рецензенттің сұранысы бойынша бұл мерзім ұзартылуы мүмкін.

Әрбір рецензент қолжазба материалдарын қабылдауға және түсінуге ықпал ететін айқын мүдделер қақтығысы байқалған жағдайда рецензия беруден бас тартуға құқылы. Қолжазбаны қарастыру қорытындысы негізінде рецензент мақалаға қатысты мына шешімдердің бірін ұсынады (әр шешім негізделуі тиіс):

- мақала осы күйінде жариялауға ұсынылады;

- мақалада рецензент көрсеткен ескертулерді түзеткеннен кейін жариялауға ұсынылады;

- мақалаға басқа маман тарапынан қосымша рецензия қажет;

- мақаланы журналда жариялауға қарсы болу.

Егер рецензияда мақаланы түзету мен толықтыруға қатысты ұсыныстар болса, журнал редакциясы рецензия мәтінін авторға жолдап, оны ескеріп жаңа нұсқасын ұсынуды немесе дәлелді түрде (толық немесе ішінара) теріске шығаруды сұрайды. Авторлық түзетулерді енгізу мерзімі – редакция тарапынан электрондық пошта арқылы хабарлама жіберілген күннен бастап 1 айдан аспауы керек. Толықтырылған нұсқа қайта рецензияға жіберіледі.

Авторлар түзетуден бас тартқан жағдайда бұл туралы редакцияны жазбаша немесе ауызша түрде хабардар етуі тиіс. Егер рецензия жіберілген күннен бастап бір ай ішінде түзетілген нұсқасы қайтарылмаса және авторлардан бас тарту туралы ешқандай мәлімет келіп түспесе, редакция қолжазбаны жариялау кезегінен алып тастайды. Мұндай жағдайда авторларға мақаланы дұрыстауға берілген мерзімнің аяқталуымен байланысты материалдың тіркеуден алынғаны жөнінде ресми хабарлама жіберіледі.

Егер автор мен рецензенттер арасында қолжазба бойынша шешілмейтін қайшылықтар туындаса, редакция алқасы қолжазбаны қосымша рецензияға жіберуге құқылы. Қайшылықтар туындаған жағдайда шешімді редакция мүшелерінің отырысында бас редактор қабылдайды.

Қолжазбаны жариялаудан бас тарту туралы шешім рецензенттердің пікіріне сүйене отырып редакция мүшелерінің отырысында қабылданады. Жариялауға ұсынылмаған мақала қайта қарауға қабылданбайды. Жариялаудан бас тарту туралы хабарлама авторға электронды пошта арқылы жіберіледі. Егер редакция мүшелері мақаланы жариялауға лайық деп тапса, редакция авторға осы туралы хабарлап, жариялау мерзімін көрсетеді.

Оң пікір берілген рецензия мақаланы жариялауға жеткілікті негіз бола алмайды. Жариялау туралы соңғы шешімді редакция алқасы мүшелері қабылдайды. Қайшылық туындаған жағдайда шешімді бас редактор қабылдайды.