ҚОҒАМДЫҚ ПІКІРДІ АЛГОРИТМДІК СЫҒЫМДАУ: ТІЛДІК МОДЕЛЬДЕР САЯСИ ҰСТАНЫМДАРДЫҢ ӘРТҮРЛІЛІГІН ҰДАЙЫ ӨНДІРЕ МЕ?
DOI:
https://doi.org/10.32523/3080-1702-2026-156-3-63-72Кілт сөздер:
генеративті жасанды интеллект, тілдік модельдер, қоғамдық пікір, саяси ұстанымдар, алгоритмдік сығымдау, саяси плюрализм, ҚазақстанАңдатпа
Мақалада генеративті жасанды интеллект жүйелерінің саяси ұстанымдардың әртүрлілігін жаңғырту қабілеті қарастырылады. Зерттеудің эмпирикалық негізін Қазақстандағы 969 респонденттің жауаптары және ChatGPT, Copilot пен Алиса жүйелері бірдей сұрақтар бойынша қалыптастырған 300 сауалнамалық профиль құрады. Әдіснамалық тұрғыдан зерттеу жауаптардың орташа мәндерін, стандартты ауытқуын, модальды және шеткі жауаптардың үлесін, пайдаланылған шкала санаттарының санын және нормаланған Шеннон энтропиясын салыстыруға негізделді.
Талдау барысында орташа бағалармен қатар он балдық шәкілдегі жауаптардың шашырауы, шоғырлануы және әртүрлі позициялардың ұсынылуы салыстырылды. ЖИ жауаптарының өзгергіштігі адамдар жауаптарының өзгергіштігіне қарағанда орта есеппен 56%-ға төмен екені анықталды. Тілдік модельдердің жауаптары жекелеген мәндердің төңірегіне жиі шоғырланып, саяси ұстанымдардың тар ауқымын қамтиды. Алгоритмдік сығымдаудың екі түрі анықталды: шеткі бағалардың үлесі төмендейтін ортаңғы сығымдау және жауаптар әлеуметтік тұрғыдан құпталатын позицияға шоғырланатын нормативтік-полюстік сығымдау. ЖИ жүйесінің респонденттердің орташа позициясына жақындығы қоғамдық пікірді толық жаңғыртуды білдірмейді.
Зерттеудің ғылыми үлесі алгоритмдік сығымдауды саяси бейімділіктен бөлек, жасанды интеллект қалыптастыратын жауаптардың репрезентативтілігін бағалаудың дербес өлшемі ретінде ұсынудан тұрады. Саяси талдауда генеративті ЖИ-ді пайдалану кезінде модельдердің басым ұстанымдармен қатар қоғамдағы пікірлер алуандығын көрсету қабілетін де ескеру қажет.





