АИТВ-мен өмір сүретін балалары мен жасөспірімдері бар отбасыларға арналған психоәлеуметтік қолдаудың интеграцияланған бағдарламалары: Қазақстандағы зерттеу негізінде тәжірибе мен ұсынымдар
DOI:
https://doi.org/10.32523/3080-1702-2025-150-1-7-25Кілт сөздер:
әлеуметтік жұмыс, психоәлеуметтік қолдау, институцияландыру, көпсалалы топ, жағдайды басқару, психоәлеуметтік сүйемелдеу, үкіметтік емес ұйымдарАңдатпа
Бүкіл әлем бойынша АИТВ жұқтырған балалары бар отбасылар қазіргі күнге дейін көптеген қиындықтарға тап болуда. Мұндай отбасылардың өмір сүру сапасын жақсарту қазіргі уақытта медициналық көмек пен әлеуметтік қорғаудың кешенді бағдарламаларын қамтамасыз ету арқылы мүмкін болып отыр. Дегенмен, жұмыстың басым бөлігі отбасылық факторларға, әлеуметтік-психологиялық қажеттіліктерге тиісті назар аудармай, медициналық көмек көрсетуге бағытталған.
Қазақстан ТМД елдерінде бірінші болып АИТВ-мен өмір сүретін балалар мен жасөспірімдерге психоәлеуметтік қолдау көрсету стандарттарын енгізді. Бұл стандарттар 2019 жылы БҰҰ Балалар қоры, Денсаулық сақтау министрлігі және Қазақ тері және жұқпалы аурулар ғылыми орталығының бірлескен отырысынан кейін қолданысқа енгізілді.
Авторлар стандарттарды енгізу нәтижелеріне талдау жасайды. Зерттеу еліміздің бес аймағындағы АИТВ-мен және басқа да созылмалы аурулармен өмір сүретін балалары бар отбасылардың қажеттіліктерін бағалауға негізделген. Қажеттіліктерді бағалау қатысушысыз бақылауды, құжаттарды талдауды, жартылай құрылымдық сұхбатты, ресми сауалнаманы және фокус-топты біріктіретін мультиәдістемелік стратегияны пайдалана отырып жүргізілді.
Зерттеуге Шығыс Қазақстан, Алматы және Түркістан облыстарының, Шымкент және Алматы қалаларының ЖИТС-тің алдын алу және оған қарсы күрес орталықтары, Алғашқы медициналық-әлеуметтік көмек көрсету орталықтары, Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар департаменті қатысты.
Нәтижесінде, Қазақстандағы АИТВ-инфекциясы және басқа да созылмалы аурулардан зардап шеккен балалардың, жасөспірімдердің және олардың отбасыларының өмір сүру сапасын жақсарту мақсатында әлеуметтік қолдау бағдарламалары мен кешенді қызметтерін жетілдіру бойынша ұсыныстар берілген.